Алматы полициясы 1 қыркүйекте көліксіз шығуға кеңес берді
Ол күні көлік қозғалысы айтарлықтай артуы мүмкін.
Алматы полициясы 1 қыркүйекте қалада көлік қозғалысы айтарлықтай артады деп күтіп отыр. Осыған байланысты тұрғындарға бағыттарын алдын ала жоспарлап, мүмкіндігінше жеке автокөліктің орнына қоғамдық көлікті пайдалану ұсынылды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Алматы полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, қыркүйектің алғашқы күндері білім беру мекемелерінің маңында полиция күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді. Бұған қаладағы кей учаскелерде жалғасып жатқан жол жөндеу жұмыстары да қосымша салмақ түсіреді.
Мектептер маңындағы қарбалас уақытта қозғалысты реттеуге 700-ге жуық полиция қызметкері мен 130-дан астам патрульдік топ жұмылдырылады. Көлік көп жиналатын тұстарда инспекторлар қозғалысты қолмен реттеп, балалардың жолдан қауіпсіз өтуіне көмектеседі.
Сондай-ақ электрлі самокат, велосипед және басқа да шағын көлік құралдарына бақылау күшейтіледі. Әсіресе таңертең және кешкі уақытта мектептердің маңына басымдық беріледі.
Полиция ата-аналарды мектеп кіреберістерінде көлікті екінші қатарға қоймауға және жаяу жүргіншілер өткеліне тым жақын тоқтамауға шақырды. Мұндай көлік баланың жолды көруіне, ал жүргізушінің жаяу жүргіншіні байқауына кедергі келтіруі мүмкін.
Бұдан бөлек, ата-аналарға балалардың киімі мен сөмкесіне жарық шағылыстыратын белгілер тағу ұсынылды.
Қоғамдық көлік жұмысының 1 қыркүйекте күшейтілетіні немесе күшейтілмейтіні әзірге нақтыланбаған.