Қоғам

Қазақ тілін қорлаған бұрынғы Ресей азаматы 15 күнге қамалды

Әлеуметтік желіде қазақ тіліне және қазақтарға тіл тигізген бұрынғы Ресей азаматын сот 15 күнге қамауға алынды.

Желіде ол қазақ тілі мен қазақтардың тарапына кемсіту бағытындағы сөздер айтып, жұрттың наразылығын тудырған болатын. Өзінің жеке Instagram парақшасында жақында ғана Ресейден мобилизацияланғанын және қазір Астана қаласында тұрып жатқаны туралы ақпарат жазған. Алайда оның Threads желісіне жазған пікірі көп қазақстандықтарға ұнамады.

“Мен қазақ тілін білмеймін және 39 жыл бойы тамаш өмір сүріп келемін”, “Мамбеттер мен қонақжайлылық екеуі екі түрлі ұғым. Кейін туристер неге жоқ деп таңғалады”, “Қысқасы әлем қазақ тілсіз-ақ өте керемет өмір сүріп жатыр”, “Қазақ тілін білмейтін жапондықтар әлем бойынша, өте керемет автокөліктер шығарып жатыр. Қазақ тілін білмейтін Apple компаниясы Iphone-дар шығарып жатыр. Сендер бір-бірлеріңмен қазақша сөйлеуден басқа ештеңе білмейтін ақымақсыңдар. Қазақ тілін білмейтін шведтер өте керемет мемлекетке айналды. Жауап бір – ол ешкімге де керек емес”, – деп жазған ол әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Резонанс пен наразылықтан кейін азаматтың сөздеріне Алматы полициясы жауап берді. Аталған факті бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы тексеріс жүргізіп, ер адамның жеке басын анықтады.

“Аталған факті бойынша құқық бұзушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша (Ұсақ бұзақылық) әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Материал процессуалдық шешім қабылдау үшін Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді”, – деп жауап берді полиция департаменті.

Кейін Данил Скуратовтың ұсталғаны анықталды. Отырыс барысында айыпталушы өз кінәсін мойындап, оны қатаң жазаламауды сұрады. Алайда сот шешімімен бұрынғы Ресей азаматы 15 күнге қамауға алынды.