TikTok желісінде бейәдеп сөз айтқан: дәрігер мәлімдеме жасады
Ал дәрігердің өзі әлеуметтік желі арқылы жағдайға қатысты пікір білдірген.
Әлеуметтік желіде Ақмола облысындағы дәрігер-офтальмологқа қатысты жазбалар тарады. Дәрігер TikTok желісінде бейәдеп сөз айтып, видео жариялаған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz. сайтына сілтеме жасап.
Желідегілер медициналық білімі бар және дәрігер болып жұмыс істейтін әйел әлеуметтік желіде өзге адамдарға дөрекі сөйлеп, балағат сөздер қолданғанын сынады. Мұндай әрекет дәрігердің жеке басына ғана емес, медицина мамандығының беделіне де әсер ететінін айтты.
Ал дәрігердің өзі әлеуметтік желі арқылы жағдайға қатысты пікір білдірген. Есенжолова Айнұр Боранбекқызы өзін көп жылдық еңбек өтілі бар, жоғары санатты дәрігер-офтальмолог ретінде таныстырған. Оның сөзінше, медициналық қызмет атқарған жылдары науқастар тарапынан өзіне бірде-бір шағым түспеген.
Дәрігердің айтуынша, 2025 жылғы 7 тамызда ол жұмыс істейтін медициналық ұйымда TikTok-тағы әрекетіне байланысты тәртіптік кеңес өткізілген. Оның сөзінше, жиынға өзі бұрын танымаған және науқас емес бес адам шақырылған.
Оның айтуынша, ол жиын кезінде болған жағдайларды толық тіркеп, кейін дәлел ретінде пайдалану үшін бейнематериалдарды жинаған. Дәрігер медициналық ұйым ішінде заңсыздықтар болғанын айтып, Ақмола облысы, Целиноград ауданындағы Целиноград аудандық емханасында болып жатқан жағдайларға назар аударуды сұраған. Сондай-ақ ол өз құқықтарын қорғау үшін кәсіподақ өкілдеріне жүгінгенін мәлімдеді. Дәрігердің айтуынша, ұйым өкілдері түн бойы бейнематериалдарды қарап, жиын барысында болуы мүмкін заң бұзушылықтарды зерттеген.
Кейін дәрігер жұмыстан шығарылған.
Одан бөлек, дәрігердің сөзінше, судья қандай да бір науқастардың шағымдары болғанын айтқан. Бірақ шын мәнінде шағым авторларының арасында ешқандай науқас болмаған көрінеді.