Құрылыс нысанындағы қайғылы оқиғадан кейін бес баланың әкесі қаза тапты
47 жастағы жұмысшы биіктен құлап, ауыр жарақат алған.
Алматыда құрылыс нысанындағы қайғылы оқиғадан кейін бес баланың әкесі қаза тапты. 47 жастағы жұмысшы биіктен құлап, ауыр жарақат алған. Артында бес баласы мен 35 жастағы жұбайы қалды. Қайғылы жағдайдың мән-жайын Талғат Бұхарбаев Facebook-тегі жазбасында жариялады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.
Оның айтуынша, оқиға «Kokjiek City» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болған. Жұмысшының сақтандыру белдігі үзіліп, ол тоғыз қабатты тұрғын үйдің бетондалған жертөлесіне құлаған. Ауыр жарақат алған ер адам ауруханада көз жұмған.
Марқұмның артында бес баласы қалды. Үлкені 11 жаста болса, кенжесі бір жастан енді ғана асқан. Ал оның жұбайы Гүлзада 35 жасында жесір қалған.
Талғат Бұхарбаевтың жазуынша, құрылыс нысанындағы жұмысшылар бұған дейін де осыған ұқсас жағдай болғанын айтқан. Осыдан кейін марқұмның жұбайы қауіпсіздік талаптары мен жауапты органдардың жұмысына қатысты сұрақ көтерген.
Біз кез келген жерде “Қазақстан Республикасының заңы қорғайды, арызданамын, соттасамын, полиция шақырамын” деп сеніп жүрдік. Енді полиция түгілі, осы жерде отырған департаменттің өзі адам құрлы көрмегенде, қарапайым халық не істей алады? Білмеймін…» , - дейді марқұмның жұбайы Гүлзада.
eGov деректеріне сәйкес, компания 2018 жылғы маусымда құрылған, ал 2025 жылғы наурызда қайта тіркелген. Холдингтің құрылтайшылары – Жамол Шабанов пен Хакан Касанов. Құрылыс компаниясының бірінші басшысы ретінде Алтай Шарабаев көрсетілген.
Талғат Бұхарбаев жазбасында ағайынды Зиятдин және Усейн Касановтардың Forbes рейтингінде болғанын да атап өткен. 2019 жылғы рейтингте олардың ортақ капиталы 140 миллион долларға бағаланған.
Қайғылы жағдайға қатысты жауапты мемлекеттік органдардың ресми түсініктемесі әзірге жоқ.