Қоғам

Боксшы Данияр Елеусінов ішімдікке тәуелділікпен күресіп жүргенін мойындады

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов соңғы жылдары алкогольге тәуелділікпен күресіп жүргенін ашып айтты. Боксшы бұл жағдай өзіне ғана қатысты емес екенін, қазақтарды айыптамай, түсіністікпен қарауға шақырды.

Бокстан бұрынғы әлем чемпионы Данияр Елеусінов көптен бері мазалап жүрген мәселесін ел алдына шығып ашық айтты. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында соңғы жылдары басынан өткеріп жүрген қиындықтары туралы айтты.

Елеусінов алдымен мас күйінде көлік жүргізіп, жол апатына түскені үшін өзін сынап жатқан адамдарға жауап берді.

“Иә, мойындаймын. Олимпиададан кейін алкогольге әуестеніп, ішімдікке тәуелділігім артты”, – деді боксшы.

Ол алкогольге қалайша тәуелді болып кеткенін өзі де толық түсінбейтінін айтты. Спортшының сөзінше, мұндай жағдайды мазақ етіп, күлуге болмайды.

“Адамдар мұны өз басына түспейінше түсінбейді. Бүгін күлген нәрсең ертең өзіңнің сынағыңа айналуы мүмкін”, – деді ол.

Елеусінов өмірінде көп нәрсеге қол жеткізгенін айтты. Ол Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы атанып, Азия ойындарында да жеңіске жеткен. Алайда өмірінің осы тұсында ол үшін күрделі сынақ пайда болған.

“Алла Тағала мені дәл осы нәрсемен сынап жатыр”, – деді спортшы.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда адамның ерік-жігері  бәрін шеше бермейді. Боксшы қазақстандықтарды осындай қиындыққа тап болған адамдарды айыптамауға шақырды.

“Өздеріңіз мұндай жағдайдан өтпейінше, ешкімді айыптамаңыздар”, – деді Данияр Елеусінов.

Еске салайық, бұған дейін Астанада Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов мас күйде көлік жүргізіп ұсталған еді. Кейін Астана әкімшілік соты Елеусіновті 20 тәулікке қамауға алып, жүргізуші куәлігінен жеті жылға айырды.

Данияр Елеусінов – 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионы, 2010 және 2014 жылдардағы Азия ойындарының жеңімпазы, сондай-ақ Азияның екі дүркін чемпионы (2013, 2015).