Саясат

Бурабайдағы Көкшетау тауында орман өрті шықты

13 тамыз күні таңертең «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында өрт шықты. Тілсіз жау бес минут ішінде оқшауланып, жалынның орман алқабына таралуына жол берілген жоқ.

Бурабай ұлттық паркінің хабарлауынша, өрт сағат 07:30-да Бурабай орманшылығына қарасты Көкшетау тауында, 300 метрден астам биіктікте анықталған. Орман көмкерген аумақтағы өрт көлемі 0,002 гектарды құрады.

Өрт сөндіру жұмыстары сағат 08:05-те басталып, бес минуттан кейін жалын оқшауланды. Оған ұлттық парктің 10 қызметкері, өрт сөндіру көлігі, шағын орман өрт сөндіру кешені және «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының тікұшағы жұмылдырылды.

Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Ұлттық парк өкілдері өрт қаупі жоғары кезеңде шағын ошақтың өзі орманға елеулі қауіп төндіретінін ескертті. Тұрғындар мен туристерден өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтап, түтін немесе жалын байқалған жағдайда парк қызметкерлеріне не 112 нөміріне дереу хабарлау сұралады.