Әлеумет

Алматылық дәрігерлер 9 қабаттан құлаған әйелдің өмірін аман алып қалды

Пациент №7 ҚКА-ға көптеген сүйек сынулары мен ішкі ағзалардың зақымдануымен қатар жүрген ауыр аралас жарақатпен шұғыл түрде жеткізілген.

Алматы қаласындағы №7 Қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері тоғызыншы қабаттан құлап, ауыр жарақат алған 34 жастағы әйелді аман алып қалды. Медициналық көмектің барлық кезеңінде мультидисциплинарлық мамандар тобының жедел әрі үйлесімді жұмысының, медицина қызметкерлерінің жоғары кәсіби даярлығының арқасында науқастың жағдайын аса ауыр халден тұрақтандырып, оныншы тәулікте амбулаториялық ем мен кейінгі оңалтуға шығару мүмкін болды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап. 

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, пациент №7 ҚКА-ға көптеген сүйек сынулары мен ішкі ағзалардың зақымдануымен қатар жүрген ауыр аралас жарақатпен шұғыл түрде жеткізілген.

Ауруханаға түскен кездегі жағдайы өте ауыр деп бағаланды: кома және өміріне тікелей қауіп төндірген травмалық шок. Жедел жәрдем бригадасы ауруханаға дейінгі кезеңде интубация жүргізіп, шокқа қарсы терапияны бастаған. Стационарға түскеннен кейін санаулы минуттардың ішінде қабылдау бөлімінде шұғыл медициналық көмектің толық көлемі көрсетілді.

№7 Қалалық клиникалық ауруханасының директоры Нұрдос Қадырбековтің айтуынша, емдеу үдерісіне бірнеше бағыттағы мамандар жұмылдырылды.

Оның айтуынша, №7 Қалалық клиникалық ауруханасы – қаланың ең ірі көпсалалы стационарларының бірі. Медициналық ұйым Алматы қаласына кіреберістегі негізгі жолдардың бірінде орналасқандықтан, мұнда жол-көлік оқиғалары мен басқа да төтенше жағдайлардан кейін ауыр жарақат алған науқастар жиі жеткізіледі.

Науқас ауруханаға түскеннен кейін жетінші тәулікте аяққа тұрғызылып, ал оныншы тәулікте қанағаттанарлық жағдайда тиісті емдік ұсынымдармен үйіне шығарылды.

Бүгінде №7 Қалалық клиникалық ауруханасы Алматыдағы негізгі травматологиялық орталықтардың бірі болып саналады. Мұнда тәулік бойы ең ауыр әрі күрделі жарақат алған пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі.