Қазақстандық кітапханашылар Пусандағы IFLA WLIC 2026 халықаралық конгресіне қатысуда
- авторОймақ
- Бүгін, 10:25
- 47
2026 жылғы 10–13 тамыз аралығында Корея Республикасының Пусан қаласында Халықаралық кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелер федерациясының 90-шы Дүниежүзілік кітапханалық-ақпараттық конгресі – IFLA WLIC 2026 өтуде. Биылғы конгрестің негізгі тақырыбы – «Libraries Powering Transformation» («Кітапханалар – трансформация қозғаушысы»).
Қазақстан кітапханалар Одағы IFLA-ның ресми мүшесі ретінде халықаралық кәсіби алаңға белсенді қатысуда. Биылғы конгреске Қазақстаннан 40-қа жуық кітапхана саласының маманы қатысып, ТМД елдері арасында ең үлкен делегацияны құрап отыр.
Конгрестің ғылыми бағдарламасы кітапхана ісінің қазіргі даму бағытын айқындайтын маңызды мәселелерді қамтиды.
Атап айтқанда, ұлттық кітапханалар мен ұлттық библиографияны дамыту, халықаралық библиографиялық және метадеректер стандарттарын жетілдіру, каталогтаудың жаңа модельдері, ақпараттық қауіпсіздік және жасанды интеллект технологияларын кітапхана қызметіне енгізу мәселелері кәсіби бағдарламаның басты бағыттары ретінде айқындалды.
Қазақстандық делегацияның IFLA WLIC 2026 жұмысына қатысуы әлемдік кітапхана ісіндегі озық тәжірибелерді зерделеуге, халықаралық кәсіби байланыстарды кеңейтуге және заманауи стандарттар мен технологияларды Қазақстан кітапханаларының қызметіне енгізуге мүмкіндік береді.
Қазақстан кітапханалар Одағының IFLA-ға мүшелігі Қазақстанның халықаралық кітапхана қауымдастығындағы кәсіби өкілдігін нығайтып, отандық кітапхана ісін әлемдік үрдістермен сабақтастыра дамытуға ықпал етеді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




