Әлеумет

Нұрай Серікбай ісі: жәбірленуші тарап 10 млрд теңге талап етті

Бұл туралы кезекті сот отырысы барысында жабірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында қаза тапқан студент Нұрай Серікбайдың отбасы айыпталушыдан 10 миллиард теңге моральдық зиян және 14,7 миллион теңгеден астам материалдық шығын өндіруді талап етті. Бұл туралы кезекті сот отырысы барысында жабірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі informburo.kz-ке сілтеме жасап.

Қорғаушының айтуынша, жәбірленуші тарап жерлеу рәсімін, діни жораларды, ас беру шараларын ұйымдастыруға, сондай-ақ тергеу амалдары мен сот отырыстарына қатысуға байланысты қомақты қаражат жұмсаған. Жалпы сомасы 14 миллион 739 мың теңгені құрайтын материалдық шығынға жерлеу, кырқын беру, ескерткіш орнату, сонымен қатар туыстарының тергеушіге және сотқа қатынайтын жол шығындары енгізілген.

Бұдан бөлек, Нұрай Серікбайдың қазасы оның ата-анасы мен жақын туыстарына орны толмас моральдық зардап келтіргені атап өтілді.

Еске салсақ, 21 жастағы студент Нұрай Серікбай осы жылдың 11 қаңтарында Шымкентте қаза тапқан болатын. Тергеу нұсқасы бойынша, оның танысы Шерхан Аймахан қызды дүкен жанында аңдып тұрып, бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Қазіргі уақытта айыпталушыға аса қатігездікпен адам өлімін ұйымдастыру, сталкинг және некеге тұруға мәжбүрлеу баптары бойынша айып тағылып отыр.