Павлодарда жасөспірімдерге алкоголь сатқандар жауапқа тартылды
Тексеру барысында кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сату деректері де тіркелуде.
Павлодар облысында жыл басынан бері алкоголь өнімдерін өткізу қағидаларын бұзудың 312 дерегі тіркелді. Полиция заңсыз алкоголь айналымына қарсы рейдтерді күшейтіп, әсіресе кәмелетке толмағандарға ішімдік сату фактілеріне ерекше назар аударып жатыр, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаевтың айтуынша, жыл басынан бері алкоголь өнімдерін өткізу қағидаларын бұзудың 312 фактісі анықталған.
Тексеру барысында кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сату деректері де тіркелуде. Мәселен, Павлодар қаласындағы дәмханалардың бірінде жасөспірімге екі бөтелке сыра сатылған. Аталған құқық бұзушылық бойынша материалдар сотқа жолданды.
Полиция ҚР заңнамасына сәйкес 21 жасқа толмаған азаматтарға алкогольдік ішімдіктерді сатуға қатаң тыйым салынатынын еске салады.