Грант тізімі қашан және қайда шығады
10 тамызға дейін белгілі болады.
Қазақстанда 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері 10 тамызға дейін белгілі болады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz .
Конкурс нәтижелерін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Telegram, Facebook, Instagram желілеріндегі ресми парақшалары мен жеке sayasatnurbek.com сайтынан қарауға болады. Сонымен қатар, тізім министрліктің ресми сайтында және оның әлеуметтік желілердегі арналарында жарияланады.
Ғылым және жоғары білім министрінің парақшалары:
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми парақшалары:
Биыл мемлекеттік грант алу конкурсына қатысу үшін 127 мыңға жуық талапкер өтініш берді. Өтінімдердің басым бөлігі инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары, педагогикалық ғылымдар, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағыттары бойынша түскен.
Ал ең жоғары конкурс болашақ аудармашылар, дипломаттар, заңгерлер, психологтар мен мұғалімдер даярлайтын мамандықтар арасында күтілуде. Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, жоғары оқу орындарына студенттерді қабылдау процесі 25 тамызда толық аяқталады.