Шілдеде Қазақстаннан 150 тоннадан астам жанар-жағармайды заңсыз шығармақ болған
- авторОймақ
- Бүгін, 09:55
- 23
Шілдеде Қазақстаннан 150 тоннадан астам жанар-жағармайды заңсыз әкетуге 1808 әрекет жасалған
2026 жылдың шілде айында Қазақстанның мемлекеттік шекарасында 150 тоннадан астам жанар-жағармайды заңсыз алып шығуға қатысты 1808 әрекеттің жолы кесілді. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, жанар-жағармай өнімдерінің заңсыз айналымы шекарада анықталған құқық бұзушылықтардың ең үлкен бөлігін құрады. Заңсыз әкетілмек болған жанар-жағармайдың жалпы құны 33,4 млн теңгеге бағаланған.
Жалпы шілде айында шекарашылар құны 3,9 млрд теңгені құрайтын тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізудің 2476 фактісінің алдын алған. Оның ішінде 39 есірткі заты, 88 қару мен оқ-дәрі өткізу әрекеті анықталды. Сондай-ақ 1,3 млрд теңгеден астам халық тұтынатын тауарларды заңсыз өткізудің 392 фактісі және 2,1 млрд теңгеге жуық шетел валютасын алып өтудің 149 дерегі тіркелді.
Шекара кеңістігінде Қазақстан заңнамасын бұзған 4975 адам ұсталды. Олардың 4346-сы – шетел азаматтары.
Каспий теңізі акваториясында браконьерлікке қатысты 34 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Рейдтер барысында ұзындығы 24,6 шақырым заңсыз ау құралдары мен 580 келі болатын 103 бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Алдын алынған экологиялық шығын 251 млн теңгеден асты.
ҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, шілде айында 63 қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Сонымен қатар 4295 әкімшілік іс бойынша 38 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Қалған материалдар құқық қорғау және сот органдарына процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Ұқсас жаңалықтар
Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың шақыруымен Қырғыз еліне барады
- авторОймақ
- 31 шілде, 2026






