Қоғам

Қазақстанда жүргізуші куәлігінен айыру бойынша рекорд орнаған

Сотқа түскен талап арыздар қатары артып келеді.

2026 жылдың қаңтар–маусым аралығында Қазақстанның бірінші инстанциялы соттарына жүргізуші куәлігінен айыру бойынша 5 336 талап-арыз түскен. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7 есе артып, соңғы 10 жылдағы абсолютті рекордты орнатты. Бұл туралы Бірінші кредиттік бюроның сарапшылары мәлім етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

Сотқа ең көп талап-арыз Алматы қаласы мен Ақтөбе облысынан түскен – әр өңірде 757 өтініштен тіркелді. Одан кейінгі орындарда Қарағанды (535), Павлодар (450), Түркістан (435), Абай (363) және Алматы (311) облыстары тұр. Керісінше, ең аз арыз Астана қаласында тіркелген – бар болғаны 13 іс (жалпы көлемнің 0,2%-ы). Берілген өтініштердің 5 161-і бойынша азаматтық іс қозғалып, 4 251-і қаралып үлгерді, ал 207 талап-арыз қанағаттандырусыз қалдырылды.

Айта кету керек, Қазақстанда соңғы жылдары жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және автомектептердегі білім сапасын арттыру мәселелері белсенді талқыланып жатыр. Құқық қорғау органдары жол ережесін өрескел бұзатын жүргізушілерге қатысты бақылауды күшейтіп, сот арқылы жүргізуші құқығын тоқтата туру немесе қайтарып алу шараларын жиілеткен.