Қоғам

Ресейде жол апатынан екі қазақстандық көз жұмып, тағы төртеуі зардап шекті

Ресейдің Алтай республикасында жантүршігерлік апат болып, салдарынан екі қазақстандық көз жұмды.

Мәліметке сәйкес, жол апаты кешкі уақытта Улаган ауданындағы Ақташ ауылы маңында болған. Toyota Avensis көлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Chevrolet Nexia көлігімен соқтығысқан.

Ауыр жарақат алған Chevrolet көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы ауруханада көз жұмды. Екеуі де Қазақстан азаматтары. Chevrolet көлігіндегі тағы үш жолаушы мен Toyota-дағы бір жолаушы түрлі деңгейдегі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Ал Toyota көлігінің жүргізушісі жеңіл жарақат алып, медициналық көмек көрсетілген соң үйіне жіберілген.

Қазір полиция қызметкерлері жол апатының барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Аталған жағдайға қатысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі пікір білдірді. Ведомство жол апатынан екі Қазақстан азаматының қаза тапқанын растады. 

“Тағы бір қазақстандық түрлі дәрежедегі жарақат алып, Горно-Алтай қаласындағы республикалық клиникалық ауруханаға жатқызылды. Біз жергілікті билік органдарымен, медицина мекемелерімен және зардап шеккендердің туыстарымен байланыс орнаттық. Оларға қажет консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр. Қаза тапқандардың денесін елге жеткізу жұмыстары ұйымдастырылуда”, – делінген хабарламада.

Оған қоса ведомство бұл мәселе ерекше бақылауда екенін айтты.