Әйелін бейсбол битасымен ұрып өлтірді деген күдікпен күйеуі қамауға алынды
Оқиға орнына қашып кеткен күдікті көп ұзамай ұсталып, қамауға алыныпты.
Семейде әйелін бейсбол битасымен ұрып өлтірді деген күдікпен күйеуі қамауға алынды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.
Информбюро жаңалықтар қызметінің мәліметінше, 52 жастағы келіншекке жолдасы тұтқиялдан келіп, бейсбол битасымен 28 рет соққы жасаған. Оның мұндай қатігездікке баруына жұбайының ажырасайық деген сөзі себеп болса керек. Жан жарын жібергісі келмеген қаскөй марқұмның қыр соңынан қалмай, ақыры қанды қылмысқа барған көрінеді.
52 жастағы Айжан Баяхметованың мәйітін көргенде туыстары жағаларын ұстаған. Сөздеріне сенсек, келіншекке күйеуі ұзақ жылдан бері күн көрсетпеген. Ішімдікке сылқия тойып алып, мазасын жиі алған көрінеді. Әпкесі зорлық-зомбылықтың құрбаны болды деген бүтін бір әулет қайғыдан қан жұтып отыр.
Қара жамылған отбасы сәуір айында ерлі-зайыпты екі жаққа бейбіт түрде кетуге келіскенін жеткізді. Алайда арада алты күн өткенде атпалдай азамат үйге келіп жанжал шығарып, әйелі мен балаларының киімдері мен құжаттарын өртеп жібергенін айтады. Ол аздай, жұбайының қыр соңынан қалмаған. Әйелдің жұмыстан шыққанын күтіп, қанды қылмысқа қасақана барған дейді.
Оқиға орнына қашып кеткен күдікті көп ұзамай ұсталып, қамауға алыныпты. Бұл оқиға кәмелет жасына толмаған екі балаға ауыр соққы болды дейді жақындары. 12 жастағы қыз анасы қаза тапқаннан кейін тұтығып сөйлей бастаса, 16 жастағы ұлға жеңіл дәрежедегі ақыл-ой кемістігі диагнозы қойылыпты.