Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті
Бұл шешім жылдық инфляцияның баяулауын ескере отырып қабылданған.
Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 17%-дан 16,75%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Межелі дәліз +/- 1 пайыздық тармақ деңгейінде белгіленді. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, бұл шешім жылдық инфляцияның баяулауын ескере отырып қабылданған.
Ұлттық банктің мәліметі бойынша, елде жылдық инфляция тоғыз ай қатарынан төмендеп, маусым айында 10,3%-ды құрады. Сондай-ақ азық-түлік инфляциясы 10,7%-дан 10,4%-ға дейін төмендесе, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11,7% деңгейінде сақталды. Инфляцияның бәсеңдеуіне жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы және тұтынушылық белсенділіктің тұрақтануы ықпал етуде.
Айта кетейік, Ұлттық банк бұған дейін маусым айының басында базалық мөлшерлемені жылдық 18%-дан 17%-ға дейін төмендеткен болатын. Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 4 қыркүйекте жарияланады.