Венесуэлада зілзаладан отыз мыңнан астам жоғалып кеткен
Бұл туралы елдің Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес мәлімдеді.
Венесуэлада 24 маусымда болған екі жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 5 398 адамға жетті. Тағы 16 740 тұрғын жарақат алған. Бұл туралы елдің Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.
Соңғы есеп бойынша, құтқарушылар тағы 52 адамның қазасын тіркеген. Апаттан зардап шеккен аудандарда 30 мыңнан астам еріктіні қоса есептегенде, 60 мыңнан аса адам жұмыс істеп жатыр. Олар үйінділерді тазалап, тұрғындарға азық-түлік пен таза ауыз су жеткізуде.
"Desaparecidos Terremoto Venezuela" азаматтық платформасының дерегінше, зілзаладан кейін байланысқа шықпаған 30 мыңнан астам адамға қатысты өтініш тіркелген. Алайда бұл ресми расталған жоғалғандар саны емес: Венесуэла билігі із-түзсіз жоғалған азаматтар туралы жаңартылған ресми мәліметті әзірге жарияламаған.
Әртүрлі азаматтық платформалардағы мәліметтер бір-бірінен ерекшеленеді. Сондықтан 30 мыңнан астам адамның барлығы үйінді астында қалды немесе қаза тапты деп кесіп айтуға болмайды. Тізімге байланыс үзілген, басқа ауруханаларға жеткізілген немесе орналасқан жері анықталмаған тұрғындар да енуі мүмкін.
АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, Венесуэланың солтүстігінде 24 маусымда магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі жер сілкінісі небәрі 39 секунд аралықпен болған. Екінші дүмпу негізгі жер сілкінісі ретінде тіркелген. Содан бері ел аумағында 1 463 қайталама дүмпу тіркелді. Ресми есепке сәйкес, 856 ғимарат зақымданып, оның 190-ы толығымен құлаған.
Соңғы мәлімет бойынша, 23 мыңнан астам адам 107 уақытша лагерьде тұрып жатыр. Жалпы 128 мыңнан астам отбасы мемлекеттік және гуманитарлық көмек алған. Зілзала кезінде баспанасынан айырылғандар саны шамамен 18 мың адамға жеткен. Құтқару және қалпына келтіру жұмыстарына жергілікті мамандармен қатар 2 мыңнан астам шетелдік құтқарушы қатысып жатыр.