Қоғам

ҰҚК Батыс Қазақстан университеті ректорына қатысты тергеу басталғанын растады

"Өзге ақпарат жария етуге жатпайды".

Ұлттық қауіпсіздік комитеті М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры Нұрлан Серғалиевке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын растады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz 

Алайда тергеу мүддесіне байланысты істің Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша қозғалғаны және өзге де егжей-тегжейлі мәліметтер әзірге ашық айтылмай отыр.

Бұған дейін Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер Бауыржан Ахметжан ректордың лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған болатын. Сонымен қатар оның айтуынша, күдіктінің жұмыс орнында тінту шаралары жүргізілген.

Айта кетейік, Нұрлан Серғалиев М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетін басқарып қана қоймай, облыстық мәслихаттың депутаты болып табылады. Ол білім мен ғылым саласында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келеді.