Руханият

Астанада "4739" деректі фильмінің тұсауы кесілді

Балалар трансплантологиясының дамуы да маңызды жетістікке айналды.

Астанада ағза трансплантациясы, трансплантолог дәрігерлердің еңбегі және өмірлік маңызы бар операцияны күтіп жүрген адамдардың тағдыры туралы баяндайтын «Хабар» агенттігінің «4739» деректі фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz 

Іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, белгілі дәрігерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, реципиенттер мен олардың отбасылары, сондай-ақ фильмнің авторлары мен кейіпкерлері қатысты.

Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт денсаулығы еліміздің басты құндылықтарының бірі екенін үнемі атап көрсететінін айтты. Президент Қазақстанда ағза трансплантациясының жүйелі түрде дамып келе жатқанын және отандық дәрігерлердің кәсіби деңгейі жоғары екенін де атап өткен болатын. Бүгінде мамандарымыз заманауи технологияларды, жан-жақты дайындықты және тұтас бір команданың үйлесімді жұмысын талап ететін аса күрделі операцияларды жасап келеді.

Балалар трансплантологиясының дамуы да маңызды жетістікке айналды. 2026 жылы елімізде алғаш рет балаға жүрек трансплантациясы сәтті жасалды. Бұл жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытудың жаңа кезеңіне жол ашты.

Бүгінде электрондық үкімет порталы арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз ұстанымын 172 283 адам білдірген. Олардың 16 109-ы келісім берсе, 156 174 азамат бас тартқан.

Халықтың хабардарлығын арттыру және қоғамда ашық пікір алмасу азаматтардың саналы шешім қабылдауына мүмкіндік береді. Мұндай шешім болашақта құтқарушы трансплантацияны әлі де күтіп жүрген адамдарға өмір сүруге мүмкіндік сыйлауы мүмкін.

24KZ телеарнасының журналисі Назерке Тоқжан мен режиссер Берік Шаров түсірген туынды пациенттердің, олардың отбасылары мен медицина қызметкерлерінің шынайы оқиғалары арқылы адам өмірінің құндылығы, жауапкершілік, дер кезінде қабылданған шешімнің маңызы туралы мәселелерді көтереді. Фильм түрлі көзқарастар мен өмірлік ұстанымдарға құрметпен қарай отырып, ағза трансплантациясы жөнінде қоғамда ашық әңгіме өрбітуге ықпал етуді көздейді.

Деректі фильмді 24 шілде күні сағат 19:30-да 24KZ телеарнасынан көруге болады.