Таиландтан санитарлық авиациямен жеткізілген кішкентай сәби емханадан шығарылды
Аслан екі айлық емнен кейін аман-есен үйіне шығарылды.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының дәрігерлері Тайландтан санитарлық авиациямен жеткізілген кішкентай Асланды екі айлық емнен кейін аман-есен үйіне шығарды. Бұл туралы орталықтың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
2026 жылғы 11 мамыр күні небәрі 1 ай 18 күн болған нәресте Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Нәрестелер реанимациясы, анестезиология және қарқынды терапия бөлімшесіне ауыр жағдайда түскен болатын. Анасы Тайландта демалыста жүргенде мерзімінен бұрын босанып, сәби онда ауыр сепсис пен көп мүшелер жеткіліксіздігін бастан өткерді. Анасының әлеуметтік желідегі өтінішінен кейін мемлекет араласып, санитарлық авиация борты 14 сағаттық ұшу сапары арқылы сәбиді елге жеткізді. Орталыққа түскенде салмағы небәрі 1300 грамм болған нәрестеге бесінші күні ішектің жыртылуы диагнозы қойылып, шұғыл хирургиялық операция жасалды.
Оңалту кезеңінде білікті мамандардың арқасында сәбидің тыныс алуы мен ішек қызметі қалпына келтірілді.