Әлем

Төрт қызды судан құтқарған: Медет Жээнәлиевтің қазасы елді дүр сілкіндірді

Ол досымен бірге қыздардың барлығын жағалауға аман жеткізген.

Қырғызстанда төрт жасөспірім қызды құтқармақ болған аралас жекпе-жек (ММА) спортшысы Медет Жээнәлиевтің қазасы елді дүр сілкіндірді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Arasha.kz. сайтына сілтеме жасап. 

Қайғылы оқиға Ыстықкөл жағасында болған. Демалыс кезінде Медет Жээнәлиев суға батып бара жатқан төрт қызды байқап, еш ойланбастан көмекке ұмтылған. Куәгерлердің айтуынша, ол досымен бірге қыздардың барлығын жағалауға аман жеткізген.

Алайда құтқару операциясы кезінде спортшының өзі қатты ағысқа тап болып, су астына кетіп қалған. Іздеу жұмыстары бір тәулікке жуық жалғасып, кейін құтқарушылар оның мәйітін көл түбінен тапты.

Медет Жээнәлиев 30 жаста болған. Оның ерлігі Қырғызстанда кеңінен талқыланып, әлеуметтік желі қолданушылары спортшыны нағыз батыр деп атады. Көпшілік оның жанқиярлығының арқасында төрт жас адамның өмірі аман қалғанын айтып, марқұмның жақындарына көңіл айтуда.

Бұл оқиға қоғамда суда қауіпсіздік ережелерін сақтау мәселесін тағы бір мәрте күн тәртібіне шығарды. Мамандар демалушыларды белгіленбеген орындарда шомылмауға, сондай-ақ қатты ағыс кезінде суға түспеуге шақырып отыр.