Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабековаға айыппұл салды. Бұл туралы «Сот кабинеті» дерекқорында жарияланған құжатта көрсетілген, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Сот Ұлттық банк төрағасының орынбасарын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлігі («Мемлекеттiк бақылау және қадағалау органдары, мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары берген заңды талаптарды немесе нұсқамаларды орындамау немесе тиісті түрде орындамау») бойынша кінәлі деп танып, оған 64 875 теңге көлемінде айыппұл салды.
Шешімге Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) 2025 жылғы желтоқсанда қаржы институтына берген нұсқамасын орындамау себеп болған. Нұсқама бойынша Ұлттық банк 1 сәуірге дейін алтын-валюта активтерінің инвестициялық портфелін басқаруға қатысы жоқ қызметкерлерге төленген сыйақыларды кейін қайтару шараларын қабылдауы тиіс еді.
Сот отырысы барысында Әлия Молдабекова әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен келіспейтінін білдірді. Ол сыйақылар Ұлттық банктің ішкі актілері негізінде төленгенін және Азаматтық кодекске сәйкес мұндай төлемдер кейін қайтаруға жатпайтынын алға тартты. Сондай-ақ сот арқылы қаражатты өндіріп алу белгілі бір уақытты талап ететінін және талап қою мерзімінің өтуіне байланысты соттардың өтінішті қабылдамау тәуекелі бар екенін жеткізді. Осы мән-жайларға қарамастан, қаржы институты нұсқаманы орындау бойынша шаралар қабылдап жатқанын айтып, істі тоқтатуды сұрады, алайда сот бұл уәждерді негізсіз деп тапты.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






