Көлігін салон арқылы сатқысы келген: отыздан астам адам алданып қалды
Олар орталық сан соқтырғанын айтып, шағымданды.
Алматы облысында көлігін салон арқылы жылдам сатқысы келген 30-дан астам адам көлігінен айырылды. Олар орталық сан соқтырғанын айтып, шағымданды. Бұл туралы turkystan.kz 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды
Алматы облысында көлігін автосалон арқылы сатқысы келген 30-дан астам адам машинасыз қалды. "Темір тұлпарды жылдам өткізіп, ақшасын 14 күнде береміз" деген орталық мүлікті атына аударып алғаннан кейін хабарсыз кетті, дейді олар.
Шағымданушылардың айтуынша, автосалон көліктердің бірін ломбардқа кепілдікке қойса, енді бірін қолдан қолға өткізіп, ақырында жоғалтып тынған. Енді жаяу қалған жұрт полицияға арызданып жатыр.
Көліксіз қалғандардың айтуынша, автосалон қызметкерлері машинаны лезде сатып, бағаны түсірмей өткізіп береміз деп қызықтырған. Соған сенген жұрт кілт пен құжатты тапсырып, ары қарай өзіміз реттейміз деген соң сатылымнан түскен ақшасын күтеді.
Осылайша бірі нарықтағы құны 3 миллион теңге "Мерседесін", бағасы 20 миллион теңгеден асатын "Тойотасын" автосалон қызметкерлерінің атына ойланбастан ауыстырғанын айтады.
Тағы бір жәбірленуші келісім шарт қолда екенін, алайда көліктің ақшасын ала алмай отырғанын айтады.
Телеарна дерегінше, бүгінде автосалон кеңсесінде қызметкерлері көрінбейді. Бірақ ішінде бірнеше көлік тұрғаны байқалады. Мекеме басшысы қайда екені белгісіз. Ал компанияның картадағы мекенжайында қызметі тоқтаған деп көрсетілген. Байланыс телефонына қоңырау бармайды. Шағымданушының бәрі Қарасай ауданының полициясына жаппай арыз қалдырып, автосалон қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғауды талап етіп жатыр. Олар көлікті, не сатылымнан түскен ақшаны толық көлемде өндіріп алмақшы. Әзірге құзырлы органдар арызданушылар қатары күн сайын көбеюіне байланысты оқиға бойынша ресми жауап бермеді.