Әлеумет

Атыраудағы қылмыс: Сәрсемәлиев балалары қайда барады?

Сот бес баланың алдағы тағдырына қатысты жеке шешім шығарды.

Атырау облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Жангелдин ауылындағы қанды қылмыстан кейін бес баланың алдағы тағдырына қатысты жеке шешім шығарды. Бұл туралы үкімді жариялау кезінде төрағалық етуші судья Зарема Хамидуллина мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап. 

Судьяның айтуынша, сот балалардың одан арғы қамқорлығы мен орналастырылуына қатысты мәселелерді Атырау облысының Білім басқармасына жүктеу туралы қаулы қабылдаған. Сонымен қатар бүлдіршіндердің мүліктік құқығын қорғау мақсатында Қызылқоға ауданының әкімдігіне Жангелдин ауылында қаза тапқан ата-анасынан қалған үйге мұрагерлік құқықты рәсімдеу жүктелді.

«Сот балалардың одан арғы қамқорлығы мен орналастырылуына қатысты мәселелерді Атырау облысының Білім басқармасына жүктеу туралы қаулы шығарды. Сонымен қатар Қызылқоға ауданының әкімдігіне Жангелдин ауылында қаза тапқан ата-анасынан қалған үйге мұрагерлік құқықты рәсімдеу тапсырылды. Бұл балалардың мүліктік құқықтарын қорғау мақсатында жасалып отыр», – деді судья Зарема Хамидуллина.

Айта кетейік, өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемалиевтің кәмелетке толмаған бес баласы бар. Олардың ең кенжесі 2023 жылы дүниеге келген. Оқиғадан кейін балаларға бастапқыда сотталған азаматтың анасы қараған, алайда 2026 жылғы 3 ақпанда аудандық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия оларды мемлекет қамқорлығына беру туралы шешім қабылдаған еді.

Қазіргі таңда жасы үш пен тоғыздың арасындағы төрт бала Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында жатыр. Ал ең кенже сәби мамандандырылған сәбилер үйінде тәрбиеленіп жатыр.