сәрсенбі, 15 шілде, 2026 14:46

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Алматы мен Қаскелең арасындағы жол кеңейтілетін болды

Алматы мен Қаскелең арасындағы жол кеңейтілетін болды
Фото: stan.kz
Алматы мен Қаскелең арасындағы көлік кептелісін азайту үшін жол кеңейтіледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 8 шақырымдық учаске сегіз жолаққа дейін ұлғайтылатын болды.

Премьер-министр Олжас Бектенов Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. 

"Мемлекет басшысы Алматы қаласы мен оған іргелес елді мекендер тұрғындары тарапынан “Алматы – Қаскелең” жолындағы көлік қозғалысының жоғары жүктемесіне қатысты айтылып жүрген шағымдарға назар аударды. Президент жолды кеңейту жобасын дереу бастау туралы тапсырма берді.

Мердігер осы аптаның соңына дейін қажетті техника мен жұмыс күшін жұмылдыруы қажет. Құрылыс жұмыстарын дүйсенбі, 20 шілде күні бастау керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы сапалы әрі барынша қысқа мерзімде орындалуы тиіс", — деп тапсырды Олжас Бектенов.

Премьер-министр жоба құнының бекітілгенін және оның өсуіне жол берілмейтінін атап өтті.

"Жобаны жүзеге асыру мақсатында сатып алынатын жер учаскелеріне қатысты алыпсатарлыққа жол берілмеуі үшін олардың құнын кешегі, 14 шілдедегі жағдай бойынша белгілеу қажет", — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Алматы – Қаскелең бағытындағы көлік тығынын азайту үшін бірнеше инфрақұрылымдық жоба қолға алынады. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұзынағаштан басталатын 32 шақырымдық балама жолдың құрылысы басталғанын мәлімдеді. Жаңа жол негізгі магистральға түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді.

Қазір аталған бағыт Алматы агломерациясындағы ең көп жүктеме түсетін жолдардың бірі саналады. Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, қалаға күн сайын шамамен 300 мың көлік кіреді. Ал шаһар ішіндегі көліктерді есептегенде, жалпы қозғалыс көлемі миллионнан асады. Соның ішінде Алматы – Қаскелең тасжолымен тәулігіне шамамен 60 мың көлік қатынайды.

Осыған байланысты жолдың өткізу қабілетін арттыру мақсатында 8 шақырымдық учаскені кеңейту жоспарланып отыр. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев ұсынған жоба бойынша, бұл бөлік сегіз жолақты болады. Сонымен қатар екі көлік айрығы мен тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынады. Құрылысқа қажетті қаржы Қазақстанның Даму банкі арқылы бөлінеді. Жаңартылған жолды 2027 жылдың желтоқсанында іске қосу жоспарланған.

Жоба аясындағы жер телімдеріне қатысты мәселелерді шешу жұмыстары Алматы қаласы мен облысында соңғы кезеңге жеткен. Үкімет отырысында бұған қоса Алматы агломерациясын дамыту бағытындағы басқа да бастамалар қаралды. Атап айтқанда, Алматы – Есік және Алматы – Талғар бағыттарындағы жолдарды дамыту, сондай-ақ рельсті көлік пен метро желісін кеңейту мәселелері талқыланды.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар