Саясат

Президент жаңа елшіге нақты тапсырма берді: Қырғызстанмен қай салалардағы байланыс күшейеді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы жаңадан тағайындалған Төтенше және өкілетті елшісі Әбілқайыр Сқақовты қабылдады.

Кездесу барысында Президент Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық, тату көршілік және одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

Мемлекет басшысы жаңа елшіге екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қатысты бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, көлік-транзит, энергетика, су ресурстары, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы өзара байланысты кеңейтуге ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандырудың да маңызды екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Президенттің пікірінше, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі тереңдету екі елдің ортақ мүддесіне сай келеді.