Қазақстанда мұнай өндіру неге төмендеді? Энергетика министрі түсініктеме берді
Жыл басынан бері Қазақстанда 45,7 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4 пайызға төмен. Алайда Энергетика министрлігі жыл соңына дейін жоспарланған көрсеткішке шығуға мүмкіндік бар деп есептейді.
Үкімет отырысында сөз сөйлеген Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов өндіріс көлемін ұлғайту үшін ірі мұнай өндіруші компаниялармен жұмыс жүріп жатқанын айтты.
Оның айтуынша, қабылданып жатқан шаралар 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған 98 млн тонна мұнай өндіру көрсеткішіне қол жеткізуге мүмкіндік беруі тиіс.
Министр мұнай өңдеу саласындағы ахуалға да тоқталды.
Энергетика министрлігінің болжамына сәйкес, жыл қорытындысында Қазақстанда 18,2 млн тонна мұнай өңделеді деп күтіліп отыр.