Экономика

«КазМұнайГаз» басқарма мүшелері 60 млн теңге сыйақы алды ма? Компания басшысы түсіндірді

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма мүшелеріне 2025 жылдың қорытындысы бойынша төленген 519 млн теңгеден астам сыйақы әр адамға теңдей бөлінбейді.

Бұл туралы компания басқарма төрағасы Асхат Хасенов журналистердің сауалына жауап беру кезінде мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2025 жылы басқарма мүшелеріне төленген сыйақының жалпы көлемі 519 091 079 теңгені құраған. Басқарма құрамында төраға Асхат Хасенов пен оның сегіз орынбасары бар.

Хасеновтың сөзінше, әрбір басқарма мүшесінің жалақысы мен сыйақысы жеке есептеледі. Себебі олардың әрқайсысы үшін жеке тиімділік көрсеткіштері (KPI) бекітілген. Сыйақы мен бонустың мөлшері сол көрсеткіштердің орындалу деңгейіне қарай анықталады.

Осыған ұқсас тәртіп «ҚазМұнайГаздың» еншілес және тәуелді ұйымдарында да қолданылады.

«Әр компанияның өзінің KPI көрсеткіштері бар. Біз бұл KPI-ларды «ҚазМұнайГаздың» директорлар кеңесінде қорғаймыз. Нақты көрсеткіштердің орындалу қорытындысынан кейін ғана олардың орындалу пайызы, бонус көлемі және басқа да төлемдер айқындалады», – деді Асхат Хасенов.

Сонымен қатар, компания басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оңтайландыру жұмыстары жүргізілгенін айтты. Оның мәліметінше, орталық аппараттағы 47 қызметкер қысқартылған. Бұл компанияның орталық аппаратындағы штат санының шамамен 10 пайызын құрайды.