Жетісу облысында ақша бопсалаған әйелге қатысты полиция мәлімдеме жасады
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Жетісу облысында аса ірі көлемде ақша бопсалау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті Qaz365.kz редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде өңірдің 18 жастағы тұрғынының туыстарының бейнеүндеуі тараған болатын. Олардың айтуынша, бойжеткен Көксу аудандық уақытша ұстау изоляторына қамалған. Жақындарының сөзінше, оның сегіз айлық сәбиі анасының қамқорлығынсыз қалған.
Туыстарының айтуынша, бойжеткен баласының әкесімен кездесуге барған. Олардың мәлімдеуінше, ер адам оған 25 миллион теңге көлемінде материалдық көмек беруге уәде еткен. Алайда кездесу орнына келген кезде жас ананы полиция қызметкерлері ұстаған.
Өз кезегінде полиция бұл іс бойынша аса ірі көлемде ақша бопсалау дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Полицияның мәліметінше, бұл қылмыс аса ауыр қылмыстар санатына жатады.
Полицияның мәліметінше, жедел іздестіру іс-шаралары барысында екі әйел ұсталған. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін талап етілген 25 миллион теңгені алу кезінде қолға түскен.