Сәрсемәлиев соттан өмір бойына жаза тағайындамауды сұрады
"Маған тағылған 13 эпизодтың барлығын мойындаймын, ешқандай қарсылығым жоқ"
Атырауда төрт адамның қазасына қатысты айыпталып отырған Сұлтан Сәрсемалиев сотта соңғы сөзін айтты. Ол өзіне тағылған айыптың барлық 13 эпизоды бойынша кінәсін толық мойындайтынын мәлімдеп, өмір бойына емес, 25 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.
ҚазАқпарат мәліметінше, соттағы сөзінде айыпталушы жасаған ісіне өкініш білдіріп, әрекетінің мұндай ауыр әрі қайғылы салдарға әкелетінін ойламағанын айтты.
Сөзінің соңында ол соттан өзіне өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды өтінді.
Сот жарыссөзі мен айыпталушының соңғы сөзінен кейін судья кеңесу бөлмесіне кетті. Үкімнің қашан жарияланатыны әзірге хабарланған жоқ.
Бұған дейін сот жарыссөзі барысында прокурор Сұлтан Сәрсемалиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған болатын. Қаза тапқандардың туыстары да айыптау тарапының ұстанымын қолдап, соттан әділ жаза тағайындауды өтінді.
Айыпталушының адвокаты Асан Жұмабаев қорғау сөзінде болған оқиғаға Сұлтан Сәрсемалиевтің психологиялық жағдайының нашарлауы себеп болуы мүмкін екенін айтты.
Қорғаушының айтуынша, қылмыс жасалған сәтте оның қорғауындағы азамат ұзақ уақытқа созылған психоэмоционалдық қысымның әсерінде болған.
Сондай-ақ Сұлтан Сәрсемалиевтің бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты аса ауыр қылмысты жасырды деген күдік расталмағаны хабарланды. Тергеу барысында оның кінәсі дәлелденбегендіктен, оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.