Бастауыш сыныптан жиынтық бағалау мен тоқсандық бағалауды алып тастауы мүмкін
- авторОймақ
- Бүгін, 12:50
- 91
Қазақстанда бастауыш сыныптарда бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) алып тастау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, түпкілікті шешім тамыз кеңесінде қабылдануы мүмкін.
Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, бұл бастама қоғамда қолдау тауып, қызу талқыланып жатыр.
«Ел арасында ТЖБ, БЖБ немесе СОР, СОЧ деп аталатын бағалауды бастауыш сыныптан алып тастау туралы ұсынысымыз кеңінен қолдау тауып, талқыланып жатқаны қуантады. Осыған байланысты жүргізілген зерттеулердің нәтижесін ортаға салғым келеді», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның айтуынша, министрлік бастауыштағы бағалау жүйесіне қатысты халықаралық тәжірибені жан-жақты зерделеп жатыр.
«Қазіргі таңда әлемде бастауыш мектептерде бағалау жүйесі дәл біздегідей кең көлемде қолданылмайды. Бізде 2-сыныптан бастап БЖБ мен ТЖБ өткізіледі. Ал бастауыш мектеп – баланың оқуға бейімделетін, қарым-қатынас жасауды үйренетін және білімге деген қызығушылығы қалыптасатын ең маңызды кезеңдердің бірі», – деді министр.
Министр бұл кезеңде оқушыларды жиі бағалаудан гөрі олардың оқуға деген ынтасын арттыру маңызды екенін айтты.
«Бұл уақытта баланы күйзеліске түсіріп, бағалауға емес, оның оқуға деген қызығушылығын дамытуға көңіл бөлу қажет. Сондықтан қалыптастырушы бағалау сақталады. Бала материалды қалай меңгеріп жатыр, бір минутта қанша сөз оқиды, оқығанын қаншалықты түсінеді – мұның бәрін бағалау керек. Бірақ әр бөлімнің және әр тоқсанның соңында міндетті түрде жиынтық бағалау өткізу бастауыш сынып оқушылары үшін ертерек деп есептейміз», – деді ол.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, ұсыныстың тағы бір мақсаты – мұғалімдердің жүктемесін азайту.
«Бастауыш сынып мұғалімдері барлық пән бойынша БЖБ мен ТЖБ жұмыстарын тексергенде мыңдаған парақты қарап шығады. Бұл олардың жұмыс жүктемесін едәуір арттырады. Сол уақытты балалармен академиялық жұмыс жүргізуге, әр оқушыға көбірек көңіл бөлуге жұмсаған әлдеқайда тиімді», – деді министр.
Министр қазіргі уақытта бастауыш сыныптардағы БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау мәселесі жан-жақты талқыланып жатқанын атап өтті.
«Егер бастауышта СОР, СОЧ, БЖБ және ТЖБ-ны алып тастау дұрыс деп санасаңыздар, пікірлеріңізді білдіріңіздер. Бұл мәселені тамыз кеңесінде кеңінен талқылайтын боламыз», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





