Экономика

Банктер ғана байып жатыр ма? Қазақстанда қаржы көлемі тарихи рекордқа жетті

Қазақстанның банк секторы жаңа тарихи межеге жетті. 2026 жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша екінші деңгейлі банктердің жиынтық активі алғаш рет 73 трлн теңгеге жуықтады.

Сарапшылар мұны қаржы жүйесінің тұрақтылығының ғана емес, экономикадағы іскерлік белсенділіктің сақталғанының да маңызды көрсеткіші деп бағалайды.

Ranking.kz сараптамалық орталығының мәліметінше, мамыр айының өзінде банк активтері 2,3 пайызға немесе 1,6 трлн теңгеге өскен. Бұл – жыл соңындағы дәстүрлі өсімді есептемегенде, соңғы бір жылдағы ең жоғары айлық нәтиже.

Бүгінде Қазақстандағы барлық банк активтерінің шамамен 89 пайызы алғашқы он банктің үлесіне тиесілі. Демек, сектордағы негізгі өсімді де дәл осы ірі қаржы институттары қамтамасыз етіп отыр.

Bank RBK бір айда үш саты жоғарылады

Мамырдағы ең жоғары өсімді Bank RBK көрсетті. Банктің активтері бір айдың ішінде 10 пайызға немесе 267,1 млрд теңгеге көбейіп, 2,9 трлн теңгеге жетті. Соның арқасында қаржы ұйымы ең ірі банктер рейтингінде бірден үш орынға көтеріліп, жетінші сатыға жайғасты.

Актив өсімі бойынша екінші орында ForteBank тұр. Бір ай ішінде оның активтері 5,1 пайызға өсіп, 5,2 трлн теңгеге жетті. Үшінші орынды 5,8 трлн теңге активпен Отбасы банк иеленді. Сонымен қатар Банк ЦентрКредит пен Halyk Bank та айлық өсім бойынша алғашқы бестікке кірді.

Нарықтағы өсім бір ғана банкке тән емес

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі статистика жекелеген банктердің емес, жалпы сектордың өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Бес жылда өсім екі еседен асты

Ranking.kz деректеріне сәйкес, соңғы бес жылда Қазақстан банктерінің жиынтық активтері екі еседен астам өскен.

Егер 2017–2021 жылдары сектордың орташа жылдық өсімі 7,7 пайызды құраса, 2022–2026 жылдары бұл көрсеткіш 16,6 пайызға дейін жеткен. Яғни соңғы бес жылдағы өсім қарқыны алдыңғы кезеңмен салыстырғанда екі еседен астам жоғары.

Банк секторы экономиканың маңызды тіректерінің біріне айналды

Сарапшылардың айтуынша, бүгінде банктер тек қаржы қызметін көрсететін ұйым емес. Олар кәсіпкерлердің инвестициялық жобаларын қаржыландырып, халықтың баспана алуына, бизнесін дамытуына және күнделікті қаржылық қажеттіліктерін шешуге мүмкіндік беретін негізгі институттардың бірі.