Алматы облысында көпірді су шайып кеткен
Облыс әкімінің баспасөз қызметі растады.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында көпірді су шайып кеткені туралы ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Бұл мәліметті облыс әкімінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Әкімдіктің мәліметінше, көпірге өткен күндері жауған нөсер жаңбырдан кейін жүрген селдің салдарынан зақым келген. Алайда нысан бұған дейін-ақ апатты жағдайда деп танылған.
Сондай-ақ әкімдік өкілдері көпірді қалпына келтіру жұмыстары алдын ала жоспарланғанын атап өтті. Қазіргі уақытта жаңа көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мердігерді анықтау бойынша конкурс өткізілген.
Бүгінде құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйым анықталып, қажетті құжаттарды рәсімдеу кезеңі жүріп жатыр. Жаңа көпірдің құрылысы биыл басталады деп жоспарланып отыр.
Жергілікті билік тұрғындарды жағдай бақылауда екенін айтып, жаңа өткел пайдалануға берілгенге дейін қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.