Еуропаның қақ төрінде «Домбыра амбассадорлары» өнер көрсетті
Бельгиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігінде елшілік қызметкерлерін, қазақ диаспорасының өкілдерін, студенттер мен Қазақстанның бельгиялық достарын біріктірген «DOMBRAssadors» ансамблінің музыкалық концерті өтті
Бельгиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігінде елшілік қызметкерлерін, қазақ диаспорасының өкілдерін, студенттер мен Қазақстанның бельгиялық достарын біріктірген «DOMBRAssadors» ансамблінің музыкалық концерті өтті, деп хабарлайды Kazinform.
Ансамбль орындауында «Ерке сылқым», «Әлқиса», «Ататолғауы», «Балбырауын» және «Сұлу қыз» күйлері күмбірледі.
Концерттің басты ерекшелігі — қазақтың ұлттық аспаптары домбыра, жетіген, сазсырнай, шаңқобыз, қобыз және дауылпаздың үні еуропалық гобой, скрипка және аккордеон аспаптарымен үйлесімді үндесуі болды.
Бұл музыкалық кеш өнердің түрлі мәдениеттер мен ұрпақтарды тоғыстыратын әмбебап күш екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко:
— Домбыра — халқымыздың жаны, тарихы мен ұрпақтар жадының көрінісі. Ұлттық домбыра күні қарсаңында оның күмбірі Еуропаның қақ төрінде шырқалып жатқаны ерекше символдық мәнге ие. Музыканың шекарасы жоқ. Домбыра арқылы біз қазақ халқының мәдениетін таныстырып, елдеріміз арасындағы достықты нығайтамыз, — деді.
2026 жылы Бельгияда екі қазақ мәдени орталығы ашылды. Онда балалар мен қазақ диаспорасының өкілдері қазақ тілін меңгеріп, домбыра тартуды үйренеді, ұлттық билер мен қазақ халқының салт-дәстүрлерімен танысады. Бұл орталықтардың қызметі ұлттық болмысты сақтауға және Қазақстанның бай мәдени мұрасын Бельгияда кеңінен насихаттауға ықпал етеді.
Айта кетейік, Ұлттық домбыра күніне орай Қазақстанда 2000-нан астам мәдени іс-шара өтеді.