Мемлекет басшысы Аида Балаеваны қабылдады
Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны қабылдады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына мәдениет, ақпарат және әлеуметтік саясат салаларында жаңа Конституция ережелерін жүзеге асыру барысы баяндалды. Сондай-ақ азаматтардың тұрмыс сапасын көтеруді көздейтін мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар назарға ұсынылды.
Аида Балаева заңнаманы жаңа Ата заңға сәйкестендіру, мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру, цифрлық кеңістікті ілгерілету және азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды нығайту бағыттары туралы мәлімет берді. Оған қоса, отбасы және жастар саясаты, волонтерлік қызмет пен қоғамдық бақылау салаларындағы шараларға тоқталды. Ол жаңа білім, ғылыми-ағартушылық және шығармашылық нысандарын құру, дәстүрлі өнерді қолдау мен білікті маман даярлау бағыттарында еліміздің мәдени инфракұрылымын жандандыру жөніндегі ұсыныстарды жеткізді.
Кездесуде мемлекеттік әлеуметтік саясатты іске асыру мәселелеріне, соның ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, спорт және туризм салаларын өркендету жайына айрықша назар аударылды. Ведомствоаралық ықпалдастықты күшейтуге, адами капиталды дамытуға және заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге ерекше мән берілді.
Мемлекет басшысы мәдениет, ақпараттық саясат, оқу-ағарту, әлеуметтік қамтамасыз ету және денсаулық сақтау сияқты маңызды салалардағы Үкіметтің атқарған жұмысы туралы Премьер-министр орынбасарының ақпаратын оң бағалады. Президент қоғамдағы ең маңызды бағыттарды реттеуде ведомствоаралық ықпалдастықтың рөлі зор екенін атап өтті. Ол өзекті әлеуметтік мәселелерді жедел шешу үшін тиісті ведомстволар жұмысын одан әрі жандандыру қажет екеніне назар аударып, Үкіметке бірқатар нақты тапсырма жүктеді.