Қоғам

Ерекше қажеттілігі бар баланы сатыдан итеріп жіберген

Баланың ата-анасы жекеменшік мектеп өкілдерін жазаға тартуды талап етіп отыр.

Ақтөбеде ерекше қажеттілігі бар баланың ата-анасы жекеменшік мектеп өкілдерін жазаға тартуды талап етіп отыр. Олар аутизмге шалдыққан бес жасар ұлын қатарласы сатыдан итеріп жібергенін айтады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ата-анасы баланы қараусыз қалдырғандарға қатысты арызды алғашқыда тәртіп сақшылары қабылдамай қойғанын айтады.

Бұл оқиға "Мозаика" атты мектепте болған. Үзіліс кезінде ойнап жүрген ерекше балалардың бірі Әлиді итеріп жіберіп, баспалдақтан құлатыпты

Бейнебақылау камерасына түскен таспаны білім ошағының басшылығынан «әрең алдық» дейді. Сатыдан құлаған ұл аутизм дертімен ауырады. Басынан, иығы мен арқасынан жарақат алған. Көзге көрінетін жарақатына қарамастан, мектептегілер жедел жәрдем шақырмаған көрінеді, ата-анасына да хабар бермепті. Анасы тек мектептен алып кетуге келгенде бір-ақ біледі.

Шошынған Әли күні бойы жылап, қолдан түспейді, дейді үйіндегілер. Онымен қоса, кіші дәретін жіберіп қоятын болған, бұрынғыдай көзге қарамай, қорқып отыратын көрінеді. Тәртіп сақшыларына шағымдана барғанда, "бала аман" деп, арыз қабылдаудан алғашқыда бас тартты деп ашынады ата-анасы. Ал полиция департаментіндегілер тексеру жүріп жатқанын айтады.