"Жалған психологтардың дәурені бітті": Асхат Аймағамбетов заң жобасы Сенаттан өтіп, Президентке қол қоюға жолданғанын айтты
Әлеуметтік желідегі жарнама да бақылауға алынады.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов "Психологиялық қызмет туралы" заң жобасы Сенаттан өтіп, Президенттің қол қоюына жолданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz. сайтына сілтеме жасап.
Депутаттың айтуынша, бұл құжат елдегі психологиялық қызмет саласын жүйелеуге және өзін психолог ретінде таныстырып жүрген жалған мамандардың қызметін шектеуге бағытталған.
Оның сөзінше, бұған дейін психологиялық қиындыққа тап болған азаматтар әлеуметтік желі арқылы күмәнді сертификаты бар адамдарға жүгініп, соңғы ақшасын төлегенімен, сапалы көмек ала алмай келген. Ал сала заңмен толық реттелмегендіктен, мұндай "мамандардың" жауапкершілігі де нақты айқындалмаған.
Жаңа заңға сәйкес, арнайы жоғары білімі жоқ және бірыңғай мемлекеттік реестрге енгізілмеген азаматтарға өзін "психолог" деп атауға тыйым салынбақ. Енді кез келген адам маманның ресми реестрде бар-жоғын тексере алады.
Сонымен қатар дипломы жоқ адамдарға жарнамада "психолог" сөзін немесе оған ұқсас атауларды қолдануға рұқсат берілмейді. Мәселен, "психо-коуч", "психо-кеңесші" сияқты атауларды пайдалану шектелуі мүмкін.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл өзгерістер қысқа мерзімді курс бітіріп алып, өзін кәсіби психолог ретінде көрсететіндердің әрекетіне заңмен тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желідегі жарнама да бақылауға алынады. Психологтар өз қызметін жарнамалаған кезде реестрдегі тіркеу нөмірін көрсетуге міндетті болуы мүмкін.
Депутат жаңа заң азаматтардың қауіпсіздігі мен сапалы психологиялық көмек алу құқығын қорғауға бағытталғанын атап өтті.