Qazaq Creative Hub алаңында Павлодар облысының креативті жәрмеңкесі басталды
Көрмеге Павлодар облысынан 30-ға жуық креатор қатысып жатыр.
Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Павлодар облысының креативті жәрмеңкесі басталды. Екі күнге созылатын іс-шара Creative Aimaq республикалық жобасы аясында ұйымдастырылып, Ертіс-Баян өңірінің мәдени мұрасы мен заманауи шығармашылық әлеуетін елорда жұртшылығына таныстырмақ, деп хабарлайды Oimaqnews.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Көрмеге Павлодар облысынан 30-ға жуық креатор қатысып жатыр. Олар ұлттық қолөнер бұйымдары, зергерлік әшекейлер, ағаш, тері, сүйек пен металдан жасалған авторлық туындылар, ұлттық музыкалық аспаптар, қыш және керамика бұйымдары, этностильдегі киім үлгілері мен суретшілердің еңбектерін көпшілік назарына ұсынды.

Құрылысқа арналған материалдар мен арнайы темір бөлшектерін біріктіріп, бірнеше мүсін әзірледім. Ағаштан да әртүрлі сәндік және тұрмыстық бұйымдар жасап келемін. Әр туындының жұмысын алдымен компьютерде эскизін дайындаудан бастаймын. Содан кейін ғана оны жүзеге асыруға кірісемін. Жасаған бұйымдарымның басым бөлігі – өзімнің авторлық идеяларымның жемісі», – деді Павлодар облысының креаторы Базарбай Рахимжанов.Ұйымдастырушылардың айтуынша, Павлодар облысының креативті жәрмеңкесі ұлттық мұра мен заманауи шығармашылықтың сабақтастығын көрсетіп, өңірлік брендтерді қолдау мен отандық креаторларды насихаттауға арналған маңызды мәдени алаңдардың бірі.