Әйелін өлтірген бұрынғы полиция қызметкері ісіне өкінетінін айтып, кешірім сұрады
- авторОймақ
- Бүгін, 10:30
- 15
Алматыда әйелін пышақтап өлтірді деп айыпталып отырған бұрынғы полиция қызметкеріне қатысты сот процесі аяқталуға жақын. Марқұмның туыстары оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын талап етсе, мемлекеттік айыптаушы 17 жылға соттауды сұрады. Ал айыпталушы соңғы сөзінде жасаған ісіне өкінетінін айтып, марқұмның жақындарынан кешірім сұрады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Сот алдында жауап беріп жатқан ішкі істер органының бұрынғы қызметкері Серік Накимовқа әйелін өлтірді деген айып тағылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, қайғылы оқиға олардың кәмелетке толмаған ұл-қызының көз алдында болған.
Прокурор соттан Серік Накимовты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша кінәлі деп танып, оны 17 жылға бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ жәбірленуші тараптың пайдасына 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өтемақы өндіруді сұрады.
Ал марқұм Феруза Жүкенованың туыстары мұндай жазаны жеткіліксіз деп есептейді. Олардың айтуынша, қылмыстың куәсі болған балалар әлі күнге дейін психологтардың көмегіне мұқтаж. Сондықтан олар айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды талап етуде.
Марқұмның анасы сотта балалардың анасын әлі күнге дейін күтіп жүргенін айтып, әділ шешім шығаруды сұрады. Оның сөзінше, немерелеріне тұрақты түрде психологиялық көмек көрсетіліп келеді.
Өз кезегінде Серік Накимов соңғы сөзінде болған оқиғаға қатты өкінетінін жеткізіп, марқұмды әлі де жақсы көретінін айтты. Сондай-ақ қара жамылған отбасыдан кешірім сұрады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





