Көкшетауда Қазақстан Кітапханалар Одағының көшпелі отырысы өтіп жатыр
"Кітап оқу мәдениетін дамыту" – басты мақсат.
«Жаһандық көзқарас және тұрақты даму: Кітапханалардың болашақты құрудағы рөлі» атты Қазақстан Кітапханалар Одағының кезекті көшпелі отырысы өз жұмысын бастады.
Көкшетау қаласындағы М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Жаһандық көзқарас және тұрақты даму: Кітапханалардың болашақты құрудағы рөлі» тақырыбында Қазақстан Кітапханалар Одағының кезекті көшпелі отырысының ресми ашылуы өтті.
Көшпелі отырыстың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 16 мамырдағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру тетіктерін талқылау және кітапхана ісін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған бастамаларды айқындау.
Жарлықта адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, сондай-ақ кітап оқу мәдениетін білім беру мен ағартудың маңызды құрамдас бөлігі ретінде дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде белгіленген.
Ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы А.А. Құрманова, Ақмола облысы әкімінің орынбасары А.Б. Әмренова және ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстан Кітапханалар Одағының төрағасы Г.Қ. Нұрғалиева құттықтау сөз сөйледі.
ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Алидің алғыс хаты мерейтой иелеріне табысталды.
Жиында Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру аясында кітапхана саласын дамытуға бағытталған бес стратегиялық бастама таныстырылды. Олардың қатарында Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру, «Қазақстан Республикасындағы кітапхана ісі және кітап басып шығару туралы» заң жобасын әзірлеу, «Жылдың үздік 10 оқырманы» республикалық жобасын іске асыру, оқу мәдениетін дамыту саласындағы Ұлттық сыйлықты тағайындау және 2027–2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын әзірлеу кіреді.