Алматыдан Шымкентке бағыт алған «SCAT» авиакомпаниясының ұшағы баратын жеріндегі ауа райының күрт нашарлауына байланысты Тараз қаласындағы қосалқы аэродромға мәжбүрлі түрде қонды. Бұл ақпаратты әуе компаниясының баспасөз қызметі ресми түрде растады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде аталған рейстің ішінен түсірілген бейнежазба таралған болатын. Видео авторының айтуынша, ұшақ шамамен 15 минут бойы қатты турбуленттілік аймағында болып, сілкінген, содан кейін экипаж бағытын өзгертіп, әуе кемесін Таразға қарай бағыттаған. Әуежайға қонғаннан кейін жолаушылардың бір бөлігі рейсті әрі қарай жалғастырудан бас тартқан.
Авиакомпания өкілдерінің түсіндіруінше, ұшақ Шымкент әуежайына қонуға бет алған сәтте қалада дауыл тұрып, найзағай ойнап, нөсер жауын басталған, ал желдің екпіні секундына 24 метрге дейін жеткен.
«Алматы – Шымкент рейсінің экипажы Тараздағы қосалқы аэродромға кету туралы шешім қабылдады. Ауа райы жағдайы жақсарғаннан кейін ұшақ рейсті орындауды қайта жалғастырды», – делінген хабарламада.
Әуе кемесі Тараз қаласының әуежайында шамамен бір жарым сағат аялдады. Кейіннен Шымкент әуежайына қону штаттық режимде өтті. Айта кетейік, бұған дейін, дәлірек айтқанда қаңтар айында «SCAT» компаниясының тағы бір рейсі Таразға жанармай құю үшін қонып, соның салдарынан бір тәулікке жуық уақытқа бөгелген болатын.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





