Қоғам

Жанәбіловтердің мүлкі саудаға шығарылды

Аукционға шығарылған сегіз көліктің барлығы – Hyundai Elantra.

Блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық істе тәркіленген сегіз Hyundai Elantra автокөлігі мемлекеттік e-Qazyna сауда алаңына орналастырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бәрі 2025 жылы шығарылған Hyundai Elantra маркалы автокөліктер. Олар сот үкімімен мемлекет меншігіне өткізілген. Көліктер Эльмира Төлегенова құрылтайшысы әрі басшысы болып табылатын «Zhana Business» ЖШС-нің атына тіркелген.

Сауда алаңындағы ақпаратқа зер салсақ, автокөліктер Астана қаласындағы Республика даңғылы, 60 мекенжайында сақтаулы тұр. Сатушы ретінде ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Астана қаласы бойынша Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті көрсетілген.

Аукционға шығарылған сегіз көліктің барлығы – Hyundai Elantra. Олардың түстері көк, қара, қызыл, сұр және ақ.

Лот сипаттамасында барлық көлік екі кілт жиынтығымен және тіркеу куәлігімен бірге тапсырылатыны көрсетілген. Сонымен қатар қосалқы дөңгелек пен стандартты құралдар жиынтығы жоқ екені айтылған. Көліктердің техникалық жағдайын тексеру мүмкін болмағаны да ескертілген.

Бағасы қанша?

Жарияланған мәлімет бойынша әр автокөлік 8 млн 395 мың теңгеге бағаланған. Бағалау жұмыстарын «Столичная оценочная компания KZ» ЖШС жүргізген. Есеп 2026 жылғы 17 маусымда дайындалған.

Осылайша сегіз көліктің жалпы бағалау құны шамамен 67,2 миллион теңгеге жетеді.

Сонымен қатар мүлік карталарында көліктерге қатысты тыйым салу шараларының сақталатыны және оларды беру заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылатыны көрсетілген.

Көліктер кімдерге берілуі мүмкін?

Қазіргі кезеңде автокөліктер еркін сатылымға шығарылмаған.

Лоттар сипаттамасында өтінім беру құқығы тек белгілі бір мемлекеттік құрылымдарға берілгені жазылған. Атап айтқанда, құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар, Президент қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар, мемлекеттік саяси қызметшілер, Парламент депутаттары мен мемлекеттік органдардың аппараттары өтінім бере алады.

Бұл талап ҚР Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы №227 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес енгізілген.

Еске сала кетсек, 2026 жылғы 27 сәуірде Астана соты Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға заңсыз кәсіпкерлік қызмет және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру деректері бойынша үкім шығарған болатын.

Сот шешімімен Ерболат Жанәбілов екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді және пробациялық бақылау белгіленді. Ал Эльмира Төлегенова екі жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оның мүлкі тәркіленіп, жаза мерзімін өтеу екі жылға кейінге шегерілді.

Сот материалдарына сәйкес мемлекет пайдасына сегіз Hyundai Elantra автокөлігі мен 17 iPhone 16 смартфоны тәркіленген. Ал Lamborghini Urus пен Lexus LX600 автокөліктеріне салынған тыйым алынып, олар иелеріне қайтарылған. Саудаға шығарылған көліктер тіркелген «Zhana Business» ЖШС Эльмира Төлегенованың меншігіндегі компания болып саналады.