Саясат

Мемлекеттік компаниялар қажетсіз жерде жеке сектормен бәсекелесуде – Сенат Төрағасы квазимемлекеттік секторды қаржыландыру мәселесі туралы пікір білдірді

Бұл туралы Сенат отырысында айтты.

 

 

Квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік және ұлттық компаниялардың даму келешегін айқындау қажет. Бұл туралы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарау барысында айтты.

Палата Спикерінің сөзіне қарағанда, мемлекеттік компаниялардың экономикадағы үлесі едәуір жоғары: олар жалпы ішкі өнімнің 14-15 пайызын қамтамасыз етіп, елдегі корпоративтік активтердің 40-45 пайызына иелік етеді. Ал ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің 4-6 пайызын ғана құрайды. Сонымен қатар квазимемлекеттік сектордың кірісі 5 трлн теңгеге жеткенімен, бұл қаражат жобалар мен бизнесті қаржыландыруға бағытталуда.

Мәулен Әшімбаев Үкіметтің квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік компанияларға шамадан басымдық беруі нарықтағы бәсекелестікті әлсіретіп, жеке кәсіпкерліктің дамуын тежейтінін айтты. Бұл, өз кезегінде, тиімсіз мемлекеттік қолдау салдарынан жеке сектордың ынтасын төмендетеді. Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Экономиканы ырықтандыру жөніндегі Жарлығына және жекешелендіру қарқынының бәсеңдегеніне назар аудара отырып, мемлекеттік сектордың перспективасын тұжырымдамалық тұрғыдан айқындау керектігін атап өтті. Бұл мемлекеттік секторды негізсіз ұлғайтып, оны қаржыландыруды тиімділікті төмендету есебінен арттыру тәжірибесін тоқтатуға мүмкіндік береді.

«Қазір экономиканың жоғары өсу қарқынын қамтамасыз ету үшін Үкімет квазимемлекеттік секторға, оның ішінде даму институттарына көбірек басымдық беріп отырғандай әсер қалдырады. Яғни барлық қаржы да, негізгі процестер де мемлекеттің айналасында шоғырланған. Ал, бизнес негізінен мемлекеттік қолдауға үміт артады. Бұл әртүрлі себептерге байланысты жеке сектордың әлсіреуіне алып келеді: кейде қолдауды қажет етпейтін кәсіпорындарға қолдау көрсетілуі мүмкін. Одан бәсекелестік төмендейді, мотивация әлсірейді. Үкімет квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік компаниялардың болашақтағы рөлі бойынша нақты ұстаным қалыптастыруы керек. Өйткені олардың одан әрі кеңею үрдісі бар, бұл – объективті процесс. Соның салдарынан жеке сектор бірқатар бағыттарда ығыстырылып, мемлекеттік компаниялар қажетсіз жерлерде жеке бизнеспен бәсекеге түсуі мүмкін. Жекешелендіру қарқыны да айтарлықтай төмендеді, бұл айқын байқалады. Мемлекет басшысының бірнеше жыл бұрын жарияланған Экономиканы ырықтандыру туралы Жарлығы әлі де өз күшінде», – деді Мәулен Әшімбаев.