Қостанайда атасы мен немересінің денесі іздестіріліп жатыр
Үш бірдей сүңгуірлер бригасы өзенді сүзіп жүр.
Қостанай облысында суға кеткен атасы мен немересінің денесі іздестіріліп жатыр. Үш бірдей сүңгуірлер бригасы өзенді сүзіп жүр, деп хабарлайды turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға Қостанай ауданына қарасты Алтын дала ауылының маңындағы Тобыл өзені жағалауына бір отбасы демалуға табиғатқа шыққан. Өзен жағасында ойнап жүрген алты жасар бала сүрініп суға құлаған. Одан әрі қатты ағысқа тап болған. Мұны көрген атасы немересін құтқару үшін іле-шала суға секірген. Алайда екеуін де өзен ағысы алып кеткен.
Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі, полиция және жедел жәрдем бригадалары жұмылдырылды. Іздестіру-құтқаруға 40-қа жуық маман, арнайы техника, жүзу құралдары мен дрон тартылған. Олар су астынан бастап, көктен де қарап, жағалаудың бәрін жаяу аралап іздеу үстінде. Осы уақытқа дейін отыз екі мың шаршы метр аумақты қараған. Бірақ әзірге еш нәтиже жоқ.
Мамандар тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға, баланы қараусыз қалдырмауға және шомылуға тыйым салынған жерге түспеуге шақырады.