Джеки Чан Қазақстанда: Маңғыстауда «Доспехи Бога 4: Ультиматум» фильмінің түсірілімі басталды
Маңғыстау облысында әлемге әйгілі актер Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін «Доспехи Бога 4: Ультиматум» халықаралық кино жобасының түсірілімі басталды.
Жобаны Sәlem Entertainment және Dala Edge Creative Tech Park компаниялары жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайы Маңғыстау облысының әкімдігіне сілтеме жасап Қазақпарат.
Қазіргі таңда түсірілім тобы Маңғыстаудың бірегей табиғи ландшафттарында алғашқы кадрларды таспаға түсіріп жатыр. Фильмнің негізгі түсірілім алаңдарының бірі ретінде әлемге танымал Бозжыра шатқалы таңдалған. 7-12 маусым аралығында аталған аумақта 35 адамнан тұратын түсірілім тобы жұмыс жүргізіп, фильмнің бірқатар көріністерін түсірді.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай шығармашылық топ өкілдерімен кездесіп, халықаралық ауқымдағы киножобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау білдірді. Кездесу барысында өңірде креативті индустрияны дамыту, кино және телевизиялық жобаларды өндіру, жастарға арналған сапалы медиаконтент қалыптастыру, сондай-ақ Маңғыстаудың туристік және мәдени әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттау мәселелері талқыланды.
Аталған жоба отандық киноиндустрия үшін маңызды оқиға саналады. Ол ішкі туризмді халықаралық деңгейде ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Өңірдің бірегей табиғи және тарихи нысандарының халықаралық кино жобада көрініс табуы миллиондаған көрерменнің назарын аударып, туризмнің дамуына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және өңір мен еліміздің халықаралық беделінің нығаюына ықпал етеді.
Түсірілім жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарлануда, ал фильмнің прокатқа шығуы 2027 жылдың ақпан айына белгіленген.