жұма, 5 маусым, 2026 14:31

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Cirque du Soleil-дің әйгілі OVO шоуы Астанада аншлагпен басталды

Cirque du Soleil-дің әйгілі OVO шоуы Астанада аншлагпен басталды
Cirque du Soleil
Астанада әлемге әйгілі Cirque du Soleil циркінің ең танымал қойылымдарының бірі – OVO шоуының премьерасы өтті. «Барыс Аренада» өткен алғашқы көрсетілім мыңдаған көрерменді жинап, жылдың ең маңызды мәдени оқиғаларының біріне айналды. Қазақстан OVO шоуының әлемдік гастрольдік картасына алғаш рет еніп отыр.

Астанада Cirque du Soleil ұсынған OVO шоуының көптен күткен премьерасы өтті. Әлемнің 50-ге жуық елінде көрсетіліп, 10 миллионнан астам көрермен тамашалаған қойылым енді қазақстандық көрерменге жол тартты.

Премьера 4 маусым күні «Барыс Аренада» өтті. Бұл – Cirque du Soleil компаниясының Қазақстанға жасаған екінші сапары. Бұған дейін әйгілі цирк ұжымы елімізге бірнеше жыл бұрын келген болатын. Алайда бұл жолғы гастрольдің ауқымы мен қызығушылығы әлдеқайда жоғары болды.

Көрермендер арасында шоу үшін арнайы жоспарларын өзгерткендер де аз емес. Астана тұрғыны Айдана Ибраеваның айтуынша, ол Cirque du Soleil қойылымдарын ұзақ уақыттан бері бақылап келеді.

– Мен көп жылдан бері Cirque du Soleil-дің жанкүйерімін. Шоудың Қазақстанға келетінін естігенде, мұндай мүмкіндікті жіберіп алмау керек деп шештім. Тіпті Австрияға жоспарлаған сапарымды кейінге қалдырдым. Балаларыммен бірге келдім. Кейбір нөмірлер адамның физикалық мүмкіндігінен тыс сияқты көрінеді. Ұлым қойылымнан кейін гимнаст болғысы келетінін айтты. Бұл – жай ғана цирк емес, нағыз өнер туындысы, – дейді ол.

OVO португал тілінен аударғанда «жұмыртқа» деген мағынаны білдіреді. Қойылым оқиғасы жәндіктер әлемінде өрбиді. Бір күні олардың тыныш тіршілігінің ортасына жұмбақ жұмыртқа пайда болады. Осыдан кейін жәндіктер арасында махаббат хикаясы басталып, көрермендерді түрлі оқиғаларға толы ерекше әлемге жетелейді.

Шоудың басты ерекшелігі – әлемде сирек кездесетін акробатикалық нөмірлердің қойылымға енгізілуі. Соның бірі – slack wire деп аталатын керілген арқандағы трюк. Көп жағдайда мұндай нөмірлер тұрақты құрылымдарда орындалады. Ал OVO қойылымында әртіс алып қозғалып тұратын жапырақтың үстінде өнер көрсетеді. Бұл нөмірдің күрделілігін бірнеше есе арттырады.

Сондай-ақ көрермендер ерекше икемділігімен танылған моңғолиялық конторсионистің өнерін тамашалайды. Әртіс денесін күрделі қалыптарға келтіріп қана қоймай, кейбір трюктерді бүкіл дене салмағын тісімен ұстап тұрып орындайды.

Қойылымдағы тағы бір ерекше көрініс – жапон әртісінің ультракүлгін жарық астындағы диаболо жонглирлеуі. Толық қараңғылықта орындалатын бұл нөмір көрермендерді ерекше әсерге бөлейді.

Екі сағатқа созылатын шоу барысында көбелек кейпіндегі әртістердің әуе таспасындағы дуэті, трамплин арқылы қабырғаға өрмелейтін шегірткелердің акробатикалық қойылымы және скарабейлердің әуе бесігіндегі күрделі трюктері көрсетіледі. Кейбір нөмірлерде әртістер бір-бірін алты метр қашықтықтағы платформалар арасында лақтырып, адам трапециясына ұқсас қауіпті элементтерді орындайды.

OVO шоуын сахналауға әлемнің 25 елінен келген 100-ден астам маман қатысады. Команда құрамында Канада, Франция, Бразилия, Қытай, Моңғолия, Жапония, Германия, Австралия, Италия, Ұлыбритания, Украина және АҚШ елдерінің өкілдері бар.

Сахнада 53 әртіс өнер көрсетеді. Олардың арасында Олимпиада ойындарының қатысушылары, халықаралық жарыстардың чемпиондары, ұлттық құрамалардың мүшелері мен кәсіби акробаттар бар. Сонымен қатар қойылымға жеті адамнан тұратын тірі музыкалық топ, вокалист және үш клоун қатысады.

Cirque du Soleil әртісі Артур Дудовтың айтуынша, цирк өнері көпшілік ойлағаннан әлдеқайда кең ұғым.

– Cirque du Soleil тек акробаттар мен гимнасттардан тұрмайды. Бізде жонглерлер, актерлер, мимдер және түрлі бағыттағы талантты адамдар жұмыс істейді. Жақында ғана компанияда 25 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан әртіс өз тәжірибесімен бөлісті. Ол алғашында Бразилиядан капоэйра спортшысы ретінде келген. Кейін бірнеше түрлі мамандықты меңгерген. Мұндай оқиғалар адамға шабыт береді, – дейді ол.

Гастрольдік құрам тек әртістерден ғана тұрмайды. Шоудың сәтті өтуіне ондаған техникалық маман, жаттықтырушы, физиотерапевт, костюм дизайнері, әкімшілік қызметкер және аспаз жауап береді.

Қазақстан туралы әсерімен бөліскен Крикет рөлін сомдайтын әртіс Дмитрий Федоровский елорданың заманауи келбетіне таң қалғанын айтты.

– Қазақстанға келгеніме өте қуаныштымын. Бізді жылы қарсы алды. Астананың кең көшелері мен сәулеті ерекше әсер қалдырды. Ұлттық тағамдарды да татып көрдік. Бешбармақ, жылқы етінен дайындалған тағамдар ұнады. Ал сүт қосылған шай мен үшін күтпеген жаңалық болды. Бұрын мұндай дәмді байқап көрмеппін, – дейді ол.

Cirque du Soleil компаниясының аға гастрольдік публицисті Жани Малле Қазақстанның OVO гастроліндегі маңызды аялдамалардың біріне айналғанын атап өтті.

– Қазақстан OVO тарихындағы 47-ші ел болды. Көп жылдық дайындықтан кейін жергілікті көрерменнің реакциясын көру біз үшін ерекше сәт. Кейбір көрермендер көз жасын тыя алмады. Бір отбасының кішкентай баласы қойылым аяқталғанша сахнадан көз алмады. Осындай сәттер біздің жұмысымыздың мәнін көрсетеді, – деді ол.

Компания өкілдерінің айтуынша, OVO шоуының қазіргі нұсқасы шамамен бір жарым жыл бұрын толық жаңғыртудан өткен. Жаңарту барысында жаңа акробатикалық нөмірлер қосылып, костюмдер өзгертілген, музыка жаңартылып, сахналық көріністер қайта жасалған.

Қойылымның авторы – әлемге танымал бразилиялық хореограф Дебора Колкер. Оның жәндіктер әлеміне деген қызығушылығы кейін Cirque du Soleil-дің ең танымал қойылымдарының біріне айналған ерекше көркем дүниенің тууына негіз болды.

Компанияның көркемдік директоры Олаф Трибельдің айтуынша, әр жаңа шоу бірнеше жыл бойы дайындалады.

– Идеядан бастап премьераға дейін шамамен үш жыл уақыт кетеді. Алдымен шығармашылық тұжырымдама жасалады, кейін декорация, жарық және музыка әзірленеді. Бір жыл бұрын әртістерді іріктеу басталады. Одан кейін олар Монреальда ұзақ дайындықтан өтеді. Әр костюм мен әр декорация осы қойылым үшін арнайы дайындалады, – дейді ол.

OVO шоуы Астанада 7 маусымға дейін жалғасады. Кейін қойылым алғаш рет Алматыға барып, 11–14 маусым аралығында «Алматы Аренада» көрсетіледі. Қазақстан бойынша барлығы 14 қойылым жоспарланған. Ұйымдастырушылардың болжамынша, шоуды 70 мыңнан астам көрермен тамашалайды.

Жобаны Freedom Events және Asia Events компаниялары ұйымдастырған. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай халықаралық деңгейдегі жобалар Қазақстанның мәдени кеңістігін кеңейтіп қана қоймай, елдің әлемдік шоу-индустриядағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар