Қазақстанда зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға арналған жаңа ең төменгі жеткіліктілік шегі 5 маусымнан кейін жарияланады. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) мәлім етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Қор өкілдерінің мәліметінше, жаңа көрсеткіштер есептеудің жаңа әдістемесі күшіне енгеннен кейін, үш жұмыс күні ішінде ресми ресурстарда орналастырылады.
Жаңа ереже бойынша, 4 маусым күні жұмыс уақыты аяқталғанға дейін түскен өтінімдердің барлығы ескі шекті деңгеймен қаралады. Ал 5 маусымнан бастап өтініш білдірген азаматтардың құжаттары тек жаңадан бекітілген көрсеткіштер бойынша қабылданатын болады.
«2026 жылғы 5 маусымнан бастап ең төменгі жеткіліктілік шегін анықтау әдістемесіне сәйкес есептелген 2026 жылға арналған жаңа жеткіліктілік шегі күшіне енеді. БЖЗҚ есептеген және 2026 жылғы 5 маусымнан бастап қолданысқа енгізілетін 2026 жылға арналған шекті деңгейлер әдістеме күшіне енген күннен кейін үш жұмыс күні ішінде орналастырылады», – деп мәлімдеді БЖЗҚ баспасөз қызметі.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануға арналған жаңа жеткіліктілік шегін мамыр айының соңына дейін бекіту жоспарланғанын айтқан болатын. Оның сөзінше, азаматтардың жасына байланысты бұл шекті деңгей 80%-ға дейін өсуі мүмкін. Осыған дейін Еңбек министрлігі 20-дан 35 жасқа дейінгі азаматтар үшін шекті деңгей шамамен 10%-ға артуы ықтимал екенін де хабарлаған еді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





