Көкшетауда жағалаудағы ашық құдық көлікті қиратты
Көкшетаулық жүргізушілердің қалтасын қағатын «көрінбейтін майдан» қашан тоқтайды? Жауапты мекемелердің салғырттығынан қала көшелері жүргізушілер үшін кәдімгі қақпанға айналып бітті. Әсіресе, жауыннан кейін шалшық судың астында не жатқанын алдын ала болжау мүмкін емес
Кезекті соққы өткен түнде жағалау бойында, дәлірек айтсақ, Жүнісов көшесіне бұрылыста тіркелді. Бейқам келе жатқан көлік аяқ астынан оңбай соғылып, дөңгелегі жарылды, дискісі майысып, тірегі қирады. Таң ата тексергенде ғана белгілі болғандай, түндегі шалшықтың астында ашық-шашық жатқан кәріз құдығы жасырынып тұрған екен. Зақымдалған темір тұлпардың иесі су астындағы бұл тұзақты түнде көру мүлдем мүмкін болмағанын айтып ашынды.
Ендігі сұрақ: жол үшін салық төлеп отырған халықтың шығынын кім өтейді? Әкімдік пен ТҮКШ (ГКХ) мамандары тағы қанша көліктің тас-талқаны шыққанын күтіп отыр? Жолдағы мына сорақылыққа нақты кім жауап беретінін талап етуге уақыт жетті.