Әлеумет

Алматыдағы жол апаты: жәбірленуші тарап кешірім бергенін мәлімдеді

Аталған іс бойынша негізгі сот талқылауы 1 маусымда басталды.

Алматы қаласында өтіп жатқан Әл-Фараби даңғылындағы адам өліміне әкелген қайғылы жол-көлік оқиғасына қатысты сот отырысында екі жәбірленуші тарап «Zeekr» автокөлігінің жүргізушісі Александр Пакқа ешқандай талап-арыздары жоқтығын және оған кешірім бергендерін мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.

Сот залында апаттан қаза тапқан Құмар Теңелбаеваның анасы Бақытгүл Жолдасова мен «Mercedes» автокөлігінің марқұм жүргізушісі Еламан Тілемісовтің әпкесі Ләззат Тілемісова ресми түрде мәлімдеме жасады. Жәбірленушілердің айтуынша, айыпталушы тарап келтірілген материалдық және моральдық шығынды толық көлемде өтеген.

Сонымен қатар Жолдасова бұған дейін оның мүддесін қорғап, қаза тапқан қыздың жақындары әлі кешірім беруге дайын емес екенін және 100 миллион теңге көлемінде азаматтық талап-арыз түсіруі мүмкін екенін айтқан адвокат Шәкеевтің қызметінен бас тартқанын хабарлады.

Айта кетейік, аталған іс бойынша негізгі сот талқылауы 1 маусымда басталды. Айыпталушы орындығындағы Александр Пак тағылған айыпты толығымен мойындады. Ал апаттан қаза тапқан тағы бір бойжеткен – Томирис Қыдырбектің туыстарының ұстанымы бұл отырыста әлі тыңдалған жоқ. Оларды жауапқа алу келесі сот отырысына ауыстырылды. Сот процесі 4 маусымда сағат 10:00-де жалғасады.