«Tildes.kz» жобасының нәтижелері және жаңа кезеңі туралы
«Tildes.kz» қазақша сөйлесу клубы 2024-2025 жылдар аралығында қазақ тілін үйренуге бағытталған тиімді жобалардың бірі ретінде өз нәтижесін көрсетті.
«Tildes.kz» – ересектерге арналған, қазақ тілін еркін меңгеруге мүмкіндік беретін авторлық жоба. Жобаның негізгі ерекшелігі – қатысушылардың сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталған speaking club форматы. Сабақтар интерактивті әдістер арқылы ұйымдастырылып, қатысушылар күнделікті өмірде жиі кездесетін жағдаяттар негізінде еркін пікір алмасуға, ойларын қазақ тілінде жеткізуге дағдыланады.
2024-2025 жылдары жоба Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен жүйелі түрде жүзеге асырылды. Осы кезеңде жыл сайын шамамен 1000-ға жуық адам клуб сабақтарына қатысып, қазақ тілін меңгеруге мүмкіндік алды. Атап айтқанда, 2025 жылдың сәуір айынан бастап клуб кездесулеріне жалпы 948 қатысушы қамтылды. Қатысушылардың деңгейіне қарай А (бастапқы) және В (орта) топтары қалыптастырылып, сабақтар тұрақты түрде жүргізілді.
Жоба аясында қалыптасқан әдістеме мен форматтың тиімділігі білім беру ұйымдары тарапынан да қызығушылық тудырды. Қазіргі таңда 10-нан астам мектептен осы тәжірибені енгізуге сұраныс келіп түсуде. Бұл «Tildes.kz» жобасының ауқымын кеңейтуге және оны білім беру жүйесінде қолдануға мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
2026 жылдың сәуір айынан бастап «Tildes.kz» жобасы жаңа кезеңге қадам басты. «Руханият» ұйымымен бірлесіп, speaking club сабақтары қайта жанданып, жаңартылған форматта өткізіле бастады. Жаңа тәсіл қатысушылардың қызығушылығын арттыруға бағытталған: сабақтар мазмұны заманауи әдістермен толықтырылып, тіл үйрену үдерісі жеңіл, қолжетімді әрі тартымды форматта ұйымдастырылуда.
Жаңартылған бағдарлама қатысушылардың тек тілдік білімін жетілдіріп қана қоймай, қазақ тілінде еркін қарым-қатынас жасау ортасын қалыптастыруға бағытталған. Сабақ барысында түрлі тақырыптар талқыланып, өмірлік жағдаяттар негізінде тәжірибелік дағдылар дамытылады.
2026 жылы жоба аясында speaking club кездесулерін жалғастыру, қатысушылар қатарын арттыру, сондай-ақ оқытуға арналған семинарлар мен әдістемелік іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Негізгі мақсат – тиімді тәжірибені кеңінен таратып, қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықты арттыру.
«Tildes.kz» жобасы қазақ тілін үйретудің заманауи әрі нәтижелі үлгісін қалыптастырып, қоғамда тілдік белсенділікті арттыруға өз үлесін қосуды жалғастыра береді.